ТҮСІНІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын тиімді іске асыру шеңберінде дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күніне орай 18-28 шілде аралығында республикалық онкүндік өткен болатын. Осы орайда, 28 шілде күні аурухананың дәрігер-инфекционисі Н.Шагирова стационарда жатқан емделушілер мен аурухана қызметкерлеріне түсінік жұмыстарын жүргізді.
Гепатит — бауырдың қабынуы. Оның 5 түрі бар: HAV, HBV, HCV, HDV және HEV немесе қысқаша A, B, C, D және E деген түрлері болады. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, белгілері де әртүрлі. Бәрінен қауіптісі – Е гепатиті. Оны ерте анықтау қиын.
Сырқаттардың 90 пайызы – өткір гепатитке шалдығады: мұндайда науқастың көзі мен терісі сарғайып кетеді. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі – сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе жасушалардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.
А және Е гепатиті вирусы жуылмаған азық-түлік арқылы, ал қалған түрлері жыныстық жолмен және қан арқылы таралады. В гепатиті анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілуі ықтимал.
Ал қалған түрлері (HBV, HCV, HDV) — науқас адамның қаны арқылы, және де сілекейі, етеккірі, вагинальды бөлінді сұйықтықтар арқылы жұғады. Бұл вирустың барлығы шаршау, тәбеттің төмендеуі, безгегі және сарғаюмен сипатталатын жедел гепатитті тудырады. Денсаулығымызға немқұрайлы қарамай, сақтанып, уақытылы дәрігердің кеңесін алған жөн.
Аудандық аурухананың
баспасөз қызметі