Сағызға «Саламатты Қазақстан» пойызы келді

Сағызға «Саламатты Қазақстан» пойызы келді
Шалғай жатқан елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірден 6 желтоқсанға дейін Қазақстанды араламақ.
16 қыркүйекте бұл пойыз ауданымыздың Сағыз стансасына келді. Ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсету мақсатында ауданымызға ат басын бұрған ақ халатты абзал жандарды аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали бастаған Сағыз ауылының тұрғындары вокзал маңында күтіп алды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали медициналық пойыздың маңызы мен пайдасына тоқталса, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева  тұрғындарға қызмет алу барысын түсіндірді.
Өз кезегінде меймандардың атынан «Саламатты Қазақстан » медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева мамандандырылған пойыз 8 вагоннан тұратынын жеткізіп, медициналық көмек көрсететін мамандарға тоқталып өтті.
Бұл жобаның басты мақсаты – медициналық қызметке қолы жетпейтін шалғай ауыл, елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Көмек көрсететін мамандардың қатарында терапевт, кардиолог, лор дәрігері, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог бар.
Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар. 800-ге жуық тұрғын медициналық тұрғыдан көмек алды.
Аудандық аурухананың
баспасөз қызметі

Жарияланды: 19.09.202308:22

Автор: